2. Белгiлi бiр қызметтердi атқаратын мемлекеттік басқару деңгейiне байланысты бюджет бағдарламалары:
республикалық бюджетте бекітілетiн республикалық бағдарламаларға;
облыстық бюджетке, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнде бекітілетiн облыстық, республикалық маңызы бар қалалар, астана бағдарламаларына;
аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнде бекітілетiн аудандық (қалалық) бағдарламаларға;
ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетiнде, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетінде бекітілетiн қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң бюджет бағдарламаларына бөлiнедi.
Облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана), аудандық (қалалық), сондай-ақ республикалық маңызы бар қаладағы (астанадағы) ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң бюджеттік бағдарламалары жергілiктi бюджет бағдарламалары болып табылады.
3. Iске асыру әдiсiне байланысты бюджет бағдарламалары:
бiр әкiмшi iске асыратын жеке-дара бюджет бағдарламаларына;
бюджет бағдарламаларының бiр әкiмшiсi бойынша бюджетте бекітілетiн және бюджет бағдарламаларының түрлi әкiмшiлерi арасында қаржы жылы iшiнде бөлiнуге тиiстi бөлiнетiн бюджет бағдарламаларына бөлiнедi. Мұндай бюджет бағдарламаларын бөлу Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қаулысымен немесе жергiлiктi атқарушы органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
37-бап. Бюджет бағдарламаларының тиiмдiлiгiн бағалау
1. Бюджет бағдарламаларының тиiмдiлiгiн бағалау - бюджет бағдарламаларын негiздеудi, олардың орындалу барысын, елдiң әлеуметтiк экономикалық жағдайына олардың ықпалын есептеу және талдау, бюджет бағдарламаларының тиiмдiлiгi мен нәтижелiлiгiн арттыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу.
2. Бюджет бағдарламаларын бағалау үш сатыда:
бюджет жобасын әзiрлеу кезiнде;
бюджеттiң атқарылуы кезiнде;
бюджеттiң атқарылуын бақылау кезiнде жүзеге асырылады.
3. Бюджет бағдарламаларының тиiмдiлiгiн бағалау бюджеттік өтiнiмдер, паспорттар, бюджет бағдарламасының iске асырылу барысы туралы есептер, бюджет бағдарламаларын қаржыландыру жоспарлары негiзiнде жүргiзiледi.
4. Бюджет бағдарламаларының тиiмдiлiгiн бағалаудың тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
38-бап. Бюджет шығыстарының экономикалық жiктемесi
1. Бюджет бағдарламаларын iске асыру үшiн мемлекеттік мекемелер жүзеге асыратын операцияларды бейнелейтiн экономикалық сипаттама бойынша бюджет шығыстарын топтастыру бюджет шығыстарының экономикалық жiктемесi болып табылады.
2. Бюджет шығыстары экономикалық жiктемесiн топтастыру санаттан, сыныптан, кiшi сыныптан және өзiндiк өзгешелiктен тұрады.
Санат экономикалық белгiлер бойынша шығыстарды топтастырады.
Сынып пен кiшi сынып мемлекеттік мекемелер жүргiзетiн операциялардың негiзгi түрлерi бойынша шығыстарды топтастырады.
Өзiндiк өзгешелiк бюджет бағдарламасын iске асыру үшiн мемлекеттік мекеме жүргiзетiн операцияның түрiн белгiлейдi.
2-бөлiм. Бюджетаралық қатынастар және бюджет деңгейлері арасындағы
түсімдер мен шығыстарды бөлу
6-тарау. Бюджетаралық қатынастар
39-бап. Бюджетаралық қатынастар туралы жалпы ережелер
1. Бюджет процесiнде бюджеттердiң жоғары тұрған және төмен тұрған деңгейлерi арасындағы қатынастар бюджетаралық қатынастар болып табылады.
2. Бюджет процесінде республикалық бюджеттiң аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерiнен өзара қатынастарына жол берiлмейдi.
3. Бюджет процесiнде облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң басқа облыстық бюджеттермен, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерiмен өзара қатынастарына жол берiлмейдi.
4. Бюджет процесiнде аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерiнiң бiр бiрiмен өзара қатынастарына жол берiлмейдi.
5. Бюджетаралық қатынастар мемлекеттік басқарудың деңгейлерi арасындағы қызметтер мен өкiлеттiктердi дәл анықтап айыруға, бюджеттер деңгейлерi арасындағы түсiмдер мен шығыстарды бiрыңғай бөлуге, сондай-ақ бюджетаралық қатынастарды анықтау әдiстерiнiң бiртұтастығы мен ашықтығына негiзделген.
6. Қазақстан Республикасының Yкіметі мен орталық мемлекеттік органдардың, облыстардың жергiлiктi атқарушы органдарының, осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, тиісiнше облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджет процесiне араласуына жол берiлмейдi.
7. Шығыс өкiлеттiктерiн немесе түсiмдердiң жекелеген түрлерiн бюджеттiң бiр деңгейiнен басқасына беру осы Кодекске өзгерістер енгiзiлген кезде ғана жүзеге асырылады.
40-бап. Бюджетаралық қатынастардың қағидаттары
Бюджетаралық қатынастар мынадай қағидаттарға негiзделедi:
республикалық бюджетпен өзара қатынастарда облыстар, республикалық маңызы бар қалалар бюджеттерінiң, жоғары тұрған облыстық бюджетпен өзара қатынастарда облыстық маңызы бар аудандар (қалалар) бюджеттерiнiң теңдiгi;
Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерiнiң ең аз бюджеттік қамтамасыз етiлуiнiң деңгейлерiн теңестiру;
жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттік қызмет көрсетулердiң бiрдей деңгейiн беруiн қамтамасыз ету;
мемлекеттік қызмет көрсетулердiң барынша тиiмдiлiгі мен нәтижелiлiгi - мейлiнше тиiмді де нәтижелi өндірісті және мемлекеттік қызметтер көрсетудi қамтамасыз ете алатын билiк деңгейiмен мемлекеттік қызметтер көрсетудi баянды ету;
мемлекеттік қызметтер көрсету деңгейiн оны алушыларға барынша жақындату - оларды алушылардың қажеттiлiктерiн жақсы есепке алу және мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру мақсатында, бюджет жүйесiнiң неғұрлым төмен деңгейiне көрсетiлетiн қызметтердi атқаруды беру;
бюджеттiң әрбiр деңгейiнiң алынған ресми трансферттер мен кредиттердiң тиiмдi және нысаналы пайдаланылуы үшiн жауаптылығы.
41-бап. Бюджетаралық қатынастарды реттеудiң нысандары
1. Бюджетаралық қатынастар:
ресми трансферттермен;
бюджет кредиттерiмен реттеледi.
2. Ресми трансферттер жалпы сипаттағы трансферттер, ағымдағы мақсаттық трансферттер, дамытуға арналған мақсаттық трансферттер болып бөлiнедi.
3. Бюджетаралық қатынастарды реттеу нысандарын айқындаған кезде бюджеттер деңгейлерiнiң әрбiрiнiң салықтық әлеуетi, өңiрлердiң объективтiк бюджеттік қажеттiлiктерiн бағалау нәтижелерi, белгiленген нақты нормалар ескерiледi.
4. Бюджетаралық қатынастарды реттеудiң нысандары орта мерзiмдiк фискальдық саясатқа сәйкес белгiленедi.
5. Мақсаттық трансферттер мен кредиттердi жергiлiктi атқарушы органдар олардың мақсаттық мiндетiне сәйкес қана пайдаланады.
6. Мақсаттық трансферттер мен кредиттердiң қаржы жылы iшiнде пайдаланылмаған немесе мақсаттық мiндетiне сай келмей пайдаланылған сомасы жоғары тұрған, осы трансферттер мен кредиттердi бөлген бюджетке мiндеттi түрде қайтарылуға тиiс.
42-бап. Жалпы сипаттағы ресми трансферттер
1. Жалпы сипаттағы ресми трансферттер бюджеттік субвенциялар мен бюджеттік алып қоюлар болып табылады.
2. Жоғары тұрған бюджеттерден төменгi тұрған бюджеттерге республикалық немесе облыстық бюджетте бекітілген сома шегінде берiлген ресми трансферттер бюджет субвенциялары болып табылады.
3. Төменгi тұрған бюджеттерден жоғары тұрған бюджеттерге республикалық немесе облыстық бюджетте бекітілген сома шегiнде берiлген ресми трансферттер бюджеттік алып қоюлар болып табылады.
4. Жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң көлемдерi жылдар бойынша бөлiне отырып үш жылдық кезеңге:
республикалық бюджет пен облыстық, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерiнiң арасында - заңмен;
облыстық бюджет пен облыстық маңызы бар аудандар (қалалар) бюджеттерi арасында - облыстық мәслихат шешiмiмен белгiленедi.
Жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң көлемдерi әрбiр үш жылда өзгертiлуге тиiс.
5. Жалпы сипаттағы ресми трансферттер жергiлiктi бюджеттердiң бюджет қаражатымен қамтамасыз етiлуiн көлбеу теңестiруге және бюджеттiң әрбiр деңгейi үшiн осы Кодекспен бекітілген шығыстық өкiлеттiктерге сәйкес мемлекеттік көрсетiлетiн қызметтерге стандарттық деңгей беру үшiн бiрдей фискальдық мүмкiндiктердi қамтамасыз етуге бағытталған.
6. Бюджеттік алуларды төменгi тұрған бюджеттерден жоғары тұрған бюджетке және бюджет субвенцияларын жоғары тұрған бюджеттен төменгi тұрған бюджетке аудару тәртібі мен кезеңдiлiгiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
43-бап. Жалпы сипаттағы ресми трансферттердi есептеу әдiстемесi
1. Жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң көлемдерi тиiстi жергiлiктi бюджеттiң кiрiстерi мен шығындары көлемдерiнiң арасындағы айырмашылық ретiнде айқындалады.
2. Жергiлiктi бюджет шығындарының болжамды көлемiнен кiрiстерiнiң болжамды көлемi асып түскен кезде жергiлiктi бюджеттен жоғары тұрған бюджетке бюджеттік алулар белгiленедi, керiсiнше жағдайда жергiлiктi бюджетке жоғары тұрған бюджеттен бюджеттік субвенциялар белгіленедi.
3. Жергiлiктi бюджеттер шығындарының болжамды көлемдерi ағымдық бюджет бағдарламалары мен дамудың бюджет бағдарламаларына олардың бөлiнуін, белгiленген нақты нормаларды ескере отырып және бюджеттер деңгейлерi арасында шығыстардың бөлiнуi негізiнде есептеледi.
4. Жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң үш жылдық кезеңге арналған көлемдерiн, әрбiр үш жыл сайын олардың өзгеруiн айқындау Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген жалпы сипаттағы pecми трансферттердi есептеу әдiстемесi негiзiнде жүргiзiледi.
5. Жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң көлемдерiн есептеу кезiгуде мақсаттық трансферттер мен бюджет кредиттерi ескерiлмейдi.
6. Егер бюджеттік алулар мен субвенцияларды есептеу кезiнде ескерiлген шығыстар бекітілген (нақтыланған, түзетiлген жергiлiктi бюджет көзделмесе, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен облыстың жергiлiктi атқарушы органы қаржы жылы iшiнде тиiстi шамаға бюджет субвенцияларын азайту немесе бюджеттік алуды ұлғайту туралы шешiм қабылдайды.
44-бап. Мақсаттық ағымдағы трансферттер
1. Жекелеген ағымдағы бюджет бағдарламаларын iске асыру үшiн республикалық немесе облыстық бюджетте бекітілген, бюджеттік алуларды (бюджет субвенцияларын) есептеу кезiнде ескерiлмеген сома шегiнде жоғары тұрған бюджеттер төменгi тұрған бюджеттерге беретiн ресми трансферттер мақсаттық ағымдағы трансферттер болып табылады.
Жоғары тұрған органдардың нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдауынан туындайтын, жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң үшжылдық көлемдерiнiң қолданылуы кезеңiнде шығыстардың ұлғаюына және/немесе кiрiстердiң азаюына әкеп соғатын төменгi тұрған бюджеттер өтемақы төлеу мақсаттық ағымдағы трансферттер бөлу арқылы жүргiзiледi.
2. Мақсаттық ағымдағы трансферттер дамудың мемлекеттік, салалық (секторлық) немесе өңiрлiк бағдарламаларын орындауға ғана, сондай-ақ қаржы жылы iшiнде әкiмдердiң өтiнiшi бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінiң резервiнен немесе облыстың жергiлiктi атқарушы органынан қаржыландырылатын шараларға ғана берiлуi мүмкiн.
45-бап. Дамуға арналған мақсаттық трансферттер
Мемлекеттік, салалық (секторлық) бағдарламалармен көзделген, жергiлiктi инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) iске асыру үшiн республикалық бюджетте бекiтілген сома шегiнде республикалық бюджеттен облыстық бюджетке, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiне берiлетiн;
өңiрлiк бағдарламалармен көзделген, жергiлiктi бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) iске асыру үшiн облыстық бюджетте бекітілген сома шегiнде облыстық бюджеттен аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiне берiлетiн ресми трансферттер дамуға арналған мақсаттық трансферттер болып табылады.
46-бап. Төменгi тұрған бюджеттерге берiлетiн кредиттер
1. Республикалық бюджеттен және облыстық бюджеттерден бюджеттік кредиттер облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерiне және аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерiне қаржы жылы iшiнде бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) iске асыруға және кассалық алшақтықты жабуға берiлуi мүмкiн.
2. Төменгi тұрған бюджеттерге бюджеттік кредиттер осы Кодекске сәйкес берiледi.
7-тарау. Бюджеттер деңгейлерi арасындағы түсiмдердi бөлу
47-бап. Республикалық бюджетке түсетін түсімдер
1. Республикалық бюджетке түсетін салық түсімдері мыналар болып табылады:
1) корпорациялық табыс салығы;
2) қосылған құнға, оның iшiнде Қазақстан Республикасы аумағында өндiрiлген тауарларға орындалған жұмыстар мен көрсетiлген қызметтерге және Қазақстан Республикасы аумағына импортталатын тауарларға салынатын салық;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларға акциздер;
4) газ конденсатын қоса алғанда, шикi мұнайға акциздер;
5) үстеме пайда салынатын салық;
6) бонустар;
7) роялти;
8) жасасылған келісім-шарттар бойынша өнімдi бөлу жөніндегі Қазақстан Республикасының үлесi;
9) жергiлiктi маңызы бар мемлекеттік автомобиль жолдары бойымен автокөлiк құралдарының жүрiп өткенi үшiн алынатын алымнан басқа, Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлiк құралдарының жүрiп өткенi үшiн алынатын алым;
10) теледидар мен радиохабар ұйымдарына радиожиiлiк спектрiн пайдалануға рұқсат беру үшiн алынатын алым;
11) теңiз, өзен кемелерi мен көлемi шағын кемелердi мемлекеттік тiркеу үшін алынатын алым;
12) дәрi-дәрмек құралдарын мемлекеттік тiркеу үшiн алынатын алым;
13) азаматтық әуе кемелерiн мемлекеттік тiркеу үшiн алынатын алым;
14) радиоэлектронды құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғыларды мемлекеттік тiркеу үшiн алынатын алым;
15) радиожиiлiк спектрiн пайдаланғаны үшiн төленетiн төлем;
16) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын аумақтарды пайдаланғаны үшiн төленетiн төлем;
17) хайуанаттар әлемiн пайдаланғаны үшiн төленетiн төлем;
18) кеме жүретiн су жолдарын пайдаланғаны үшiн төленетiн төлем;
19) республикалық маңызы бар жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарының жиегiне сыртқы (көрiнетiн) жарнаманы орналастырғаны үшiн төленетiн төлем;
20) әкелiнетiн және әкетiлетiн тауарларға кеден баждары;
21) кеден бақылауын және кеден рәсiмдерiн жүзеге асырудан түсетiн түсiмдер;
22) отандық тауар өндiрушiлердi қорғау шаралары ретiнде өндiрiп алынатын баж алымдары;
23) консулдық алым;
24) Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартқа сәйкес, Қазақстан Республикасында жасалған ресми құжаттарға мемлекеттік органдардың растама бергенi үшiн мемлекеттік баж алымы;
25) Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорттары мен жеке басының куәлiктерiн бергенi үшiн мемлекеттік баж алымы;
26) жүргiзушi куәлiктерiн бергенi үшiн алынатын мемлекеттік баж алымы;
27) көлiк құралдарын мемлекеттік тiркеу туралы куәлiктердi бергенi үшiн алынатын мемлекеттік баж алымы;
28) мемлекеттік тiркеу нөмерлiк белгiлерiн бергенi үшiн алынатын мемлекеттік баж алымы.
2. Республикалық бюджетке салықтан тыс түсетін түсімдер мыналар болып табылады:
1) республикалық меншiктен алынатын кiрiстер:
республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысы бөлiгiнiң түсiмдерi;
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің таза табысы бөлiгiнiң түсiмдерi;
республикалық меншiк болып табылатын акциялар пакеттерiне дивидендтер;
мемлекеттік меншiк болып табылатын ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлесiне кiрiстер;
республикалық меншiкте тұратын мүлiктi жалға беруден алынатын кiрiстер;
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң депозиттерi және осы Кодекске сәйкес екiншi деңгейдегi банктер шоттарына орналастырылған мемлекеттік сыртқы қарыздар бойынша сыйақылар (мүдделер);
республикалық бюджеттен берiлген кредиттер бойынша сыйақылар (мүдделер);
қару-жарақ пен әскери техниканы сатудан түсетiн кiрiстер;
республикалық меншiктен түсетiн басқа да кiрiстер;
2) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер тауарларды (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) өткізуден түсетiн кiрiстер;
3) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер ұйымдастыратын мемлекеттік сатып алулар өткізуден түсетiн ақша түсiмдерi;
4) республикалық бюджеттен, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер салатын айыппұлдар, өсiмақылар, санкциялар, өндiрiп алулар;
5) республикалық бюджетке түсетiн басқа да салықтан тыс түсiмдер.
3. Негiзгі капиталды сатуынан республикалық бюджетке түсетiн түсiмдер мыналар болып табылады:
1) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерге бекітілiп берiлген мемлекеттік мүлiктi сатудан түсетiн ақша;
2) мемлекеттік қорлардан, резервтерден тауарлар сатудан түсетiн ақша;
3) бейматериалдық активтердi сатудан түсетiн ақша.
4. Республикалық бюджетке ресми трансферттердiң түсiмдерi мыналар болып табылады:
1) облыстық бюджеттерден, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерiнен ресми трансферттер;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнен республикалық бюджетке мақсаттық трансферттер.
5. Республикалық бюджеттен берiлген кредиттердi өтеуден, республикалық меншiкте тұрған мемлекеттiң қаржы активтерiн сатудан, үкiметтiк қарыздардан түсетiн түсiмдер республикалық бюджетке есептеледi.
48-бап. Облыстық бюджетке түсетiн түсiмдер
1. Облыстық бюджетке түсетiн салық түсiмдерi мыналар болып табылады: 1) 50% жеке табыс салығы;
2) 50% әлеуметтiк салық;
3) қоршаған ортаны ластағаны үшiн төлем;
4) жергiлiктi маңызы бар ақылы мемлекеттік автомобиль жолдары бойымен жүрiп өткенi үшiн алынатын алым;
5) облыстық маңызы бар жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарының жиегiне сыртқы (көрінетiн) жарнама орналастырғаны үшiн төленетiн төлем.
2. Облыстық бюджетке түсетiн салықтан тыс түсiмдер мыналар болып табылады:
1) коммуналдық меншiктен түсетiн кiрiстер:
облыстық әкiмдiктiң шешiмi бойынша құрылған коммуналдық мемлекеттік кәсiпорындардың таза табысы бөлiгiнiң түсiмi;
облыстық коммуналдық меншiк болып табылатын акциялар пакеттерiне дивидендтер;
облыстық коммуналдық меншiк болып табылатын ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлесiне кiрiстер;
облыстық коммуналдық меншiктi жалға беруден түсетiн түсiмдер;
облыстық бюджеттен берiлген кредиттер бойынша сыйақылар (мүдделер);
уақытша бос бюджет ақшасын депозитке орналастырудан алынған сыйақылар (мүдделер);
облыстық коммуналдық меншiктен - түсетiн басқа да кiрiстер.
2) облыстық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердiң тауарларды (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) өткізуден түсетiн кiрiстер;
3) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер ұйымдастыратын мемлекеттік сатып алулар өткізуден түсетiн ақша түсiмдер;
4) облыстық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер салатын айыппұлдар, өсiмпұлдар, санкциялар, өндiрiп алулар;
5) облыстық бюджетке түсетiн басқа да салықтан тыс түсiмдер.
3. Облыстық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерге бекітілiп берiлген мемлекеттік мүлiктi сатудан түсетiн қаражат негiзгi капиталды сатудан облыстық бюджетке түсетiн түсiмдер болып табылады.
4. Облыстық бюджетке түсетiн ресми трансферттер түсiмдерi мыналар болып табылады:
1) аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерiнен түсетiн ресми трансферттер;
2) республикалық бюджеттен түсетiн ресми трансферттер.
5. Облыстық бюджеттен берiлген несиелердi өтеуден, облыстық коммуналдық меншiкте тұрған мемлекеттiң қаржы активтерiн сатудан, облыстардың жергілiктi атқарушы органдарының қарыздарынан түскен түсiмдер облыстық бюджетке есептеледi.
49-бап. Республикалық маңызы бар қала, астана бюджетіне түсетін түсімдер
1. Республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiне түсетiн салық түсiмдерi мыналар болып табылады:
1) жеке табыс салығы;
2) әлеуметтiк салық;
3) жеке және заңды тұлғалардың, жеке кәсiпкерлердiң мүлкiне салынатын салық;
4) жер салығы;
5) бiрыңғай жер салығы;
6) заңды және жеке тұлғалардан көлiк құралдарына салынатын салық;
7) мыналарға акциздер:
Қазақстан Республикасы аумағында шығарылған барлық спирт түрлерi;
Қазақстан Республикасының аумағында жасалған алкоголь өнiмi;
Қазақстан Республикасының аумағында шығарылған темекi бұйымдары;
Қазақстан Республикасының аумағында шығарылған, құрамында темекi бар басқа да бұйымдар;
Қазақстан Республикасы аумағында өндiрiлген бекiре мен қызыл балықтардың уылдырығы;
Қазақстан Республикасы аумағында алтыннан, платинадан немесе күмiстен жасалған зергерлiк бұйымдар;
Қазақстан Республикасы аумағында жасалған атыс және газ қаруы (мемлекеттік өкiмет органдарының мұқтаждары үшiн сатып алынғанынан басқа);
ойын бизнесi;
лотерея ойынын ұйымдастыру және өткізу;
Қазақстан Республикасының аумағында жасалған жеңіл автомобильдер (мүгедектерге арналған, қолмен басқарылатын, арнаулы автомобильдерден басқа);
бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда) мен дизель отын;
8) беткi көздердiң су ресурстарын пайдаланғаны үшiн төленетiн төлем;
9) орманды пайдаланғаны үшiн төленетiн төлем;
10) қоршаған ортаны ластағаны үшiн төленетiн төлем;
11) жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшiн төленетiн төлем;
12) жер учаскелерiн пайдаланғаны үшiн төленетiн төлем;
13) жеке кәсiпкерлердi мемлекеттік тiркеу үшiн алынатын алым;
14) қызметтің жекелеген түрлерiмен айналысу құқығы үшiн алынатын лицензиялық алым;
15) заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу үшін алынатын алым;
16) аукциондардан алынатын алым;
17) республикалық маңызы бар қала мен астананың ақылы мемлекеттік автомобиль жолдары бойымен жүрiп өту үшiн алынатын алым;
18) консулдық алымнан және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартқа сәйкес, Қазақстан Республикасында жасалған ресми құжаттарға мемлекеттік органдардың рұқсаттама бергенi үшiн, Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорттары мен жеке басының куәлiктерiн бергенi үшiн, жүргiзушi куәлiктерiн, көлiк құралдарының мемлекеттік тiркелуi және мемлекеттік тiркеме номерлiк белгiлер туралы куәлiктер бергенi үшiн өндiрiп алынатын мемлекеттік баждардан басқа, баж алымы;
19) жылжымайтын мүлiкке және олармен жасалатын мәмiлелерге құқықтарды мемлекеттік тiркеу үшін алынатын алым;
20) механикалық көлiк құралдары мен тiркемелердi мемлекеттік тiркеу үшін алынатын алым;
21) қалалық маңызы бар жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарының жиегiнде және елдi мекендерде сыртқы (көрiнетiн) жарнаманы орналастыру үшiн төленетiн төлем.
2. Республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiне түсетiн салықтан тыс түсiмдер мыналар болып табылады:
1) коммуналдық меншiктен түсетiн кiрiстер:
республикалық маңызы бар қала, астана әкiмдiктерiнiң шешімi бойынша құрылған коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысы бөлiгiнiң түсiмi;
республикалық маңызы бар қаланың, астананың коммуналдық меншiгi болып табылатын акциялар пакетiне дивидендтердiң түсiмi;
республикалық маңызы бар қаланың, астананың коммуналдық меншiгi болып табылатын ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестерiне кiрiстер;
республикалық маңызы бар қала, астана өкiлеттi органдарының шешiмдерi бойынша өткiзiлетiн мемлекеттік лотереялардан кiрiстердiң түсiмi;
республикалық маңызы бар қаланың, астананың коммуналдық меншігі мүлкiн жалға беруден түсетiн кiрiстер;
республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетiнен берiлген несиелер бойынша сыйақылар (мүдделер);
уақытша бос бюджет ақшасын депозитке орналастырудан алынған сыйақылар (мүдделер);
республикалық маңызы бар қаланың, астананың коммуналдық меншiгiнен түсетiн басқа да кiрiстер;
2) республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетiнен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердiң тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) өткізуiнен түсетiн түсiмдер;
3) республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетiнен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер ұйымдастыратын мемлекеттік сатып алулар өткізуден түсетiн ақша түсiмдерi;
4) республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетiнен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер салатын айыппұлдар, өсiмпұлдар, санкциялар, өндiрiп алу;
5) республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетiне түсетiн басқа да салықтан тыс түсiмдер.
3. Негiзгi капиталды сатудан республикалық маңызы бар қаланың, астананың, бюджетiне түсетiн түсiмдер мыналар болып табылады:
1) республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетiнен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерге бекітілiп берiлген мемлекеттік мүлiктi сатудан түсетiн қаражат;
2) жер учаскелерiн және тұрақты жер пайдалану құқығын сатудан түсетiн түсiмдер.
4. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетiне түсетiн ресми трансферттердiң түсiмдерi республикалық бюджеттен түсетiн ресми трансферттер болып табылады.
5. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетiнен берiлген кредиттердi өтеуден, республикалық маңызы бар қаланың, астананың коммуналдық меншiгiнде тұрған мемлекеттiң қаржы активтерiн сатудан, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiкті атқару органы қарыздарынан түсетiн түсiмдер республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетiне есептеледi.
50-бап. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетiне түсетiн түсiмдер
1. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетiне түсетін салық түсiмдерi мыналар болып табылады:
1) 50% жеке табыс салығы;
2) 50% әлеуметтiк салық;
3) жеке және заңды тұлғалардың, жеке кәсiпкерлердiң мүлкiне салынатын салық;
4) жер салығы;
5) бiрыңғай жер салығы;
6) заңды және жеке тұлғалардың көлiк құралдарына салынатын салық;
7) мыналарға акциздер:
Қазақстан Республикасы аумағында шығарылған барлық спирт түрлерi;
Қазақстан Республикасы аумағында жасалған алкоголь өнiмi;
Қазақстан Республикасы аумағында шығарылған темекi бұйымдары;
Қазақстан Республикасы аумағында шығарылған, құрамында темекi бар басқа да бұйымдар;
Қазақстан Республикасы аумағында өндiрiлген бекiре мен қызыл балықтардың уылдырығы;